Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Қызылорда облысында жүгері жиналып жатыр

  • 9
  • 28.10.2026, 18:31

Қызылордалық шаруалар қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіруде. Бұл ауыл шаруашылығын әр-тараптандырудың маңызды қадамы. Мемлекет басшысы мұндай озық тәжірибені басқа өңірлерге де таратуды тапсырды. Сондай-ақ инвесторларға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Сыр өңірінде бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? 

Өңірдегі жүгері алқаптарының бірі Телікөл ауылында. Үш жыл бұрын егін көлемі 280 гектар ғана еді. Бүгінде мың гектарға жетті. Алқап тамшылатып суарылады. Соның арқасында өнімділік жыл сайын артып келеді. Былтыр әр гектардан 100 центнер өнім жиналды. Биыл 130 центнерге жеткізу жоспарланған.

Сәкен Шағыртаев, серіктестік өкілі:

- Бұл жерде тамшылатып суарудың бір жақсы қасиеті, біздің енді климаттық ауа райымызға байланысты күн ыстығы бар, салқыны бар, көктемде егістік уақыты және вигетациялық период дейміз ғой, бас алу барысында бұл тамшылатып суару әдісі тап нүктесіне, тамырына барады. Сол себепті бұл жақсы әдіс, өнімділік өте жоғары.

Қазалы ауданында да су үнемдеу технологиясы кеңінен қолданылуда. Биыл мұндай әдіс енгізілген алқап көлемі 300 гектарға көбейіп, 1500 гектарға жетті. Оның 470 гектарына жүгері егілді. Мысалы, мына алқапта 270 гектар жүгеріні жаңбырлатып суару технологиясы арқылы өсіруде. «Бұл технология кәдімгі арықпен суарғанға қарағанда 4 есеге дейін тіршілік нәрін үнемдейді», - дейді мамандар.

Дастан Садықов, агроном-кеңесші:

- Қызылорда облысында жазда күн өте ыстық болады. Дегенмен заманауи технологияның арқасында ойдағыдай өнім алуға болатынына көзіміз жетті. Бүгінгі таңда №55 алқаптағы жүгерінің түсімділігі гектарына 40 тоннаны құрап отыр. Бұл біздің ұжым үшін өте күрделі жоба. Екі жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келеміз. Алдағы үш-бес жыл ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, түсімділікті гектарына 80-100 тоннаға дейін жеткіземіз деген сенімдемін.

Биыл өңірде күріш алқабының 10 мың гекетары қысқарды. Оның орнына жүгері егілді. Ал су үнемдеу технологиясы енгізілген егістік көлемі 8 мыңнан 14 мың гектарға дейін көбейді.

Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Қазір майлы дақылдардан жалпы 8 000 тоннаның үстінде өнім жинасақ, жүгеріден 66 000 тоннадай өнім алып отырмыз. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, біз арнайы осы жүгері шаруашылығын дамыту үшін 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын бекіттік. Жол картаға сәйкес келесі жылдан бастап жүгерінің көлемін тағы да ұлғайтып, жалпы 28 000 гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Мамандардың айтуынша, өңірде соңғы үш жылда күріш алқабы 19 мың гектарға қысқарып, орнына суды аз қажет ететін майлы дақылдар егілген.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев