Елімізде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің көлемі 15 мың доллардан асты. Соңғы жеті жылда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 52,9 пайыз өсіп, 15 мың АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіштерге Қазақстан экономикасын бірнеше бағытта қатар дамыту арқылы қол жеткізілді. Маңызды тетіктердің бірі – инвестиция.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 65,9%-ға артып, 23,5 трлн теңге болды. Оның ішінде шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 155,7 млрд АҚШ доллары шамасында. Нәтижесінде нысандар салынып, жұмыс орындары ашылып, жаңа өнімдер шығарыла бастады. Құрылыс көлемі 2,4 есе, өңдеу өнеркәсібі 41 пайызға, ауыл шаруашылығы 25 пайызға артты. Ал сауда көлемі 44 пайызға ұлғайды. Өнеркәсіпті дамыту мен экспорттық әлеуетті арттыру бағытында да нәтижелер бар. Шикізаттық емес экспорт көлемі 1,8 есеге өсіп, 28,8 миллиард долларға жетті. Мұнай өндіру көлемі де артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 99,6 миллион тоннаны еңсерді.