Хабар телеарнасы

Үкімет басшысы шенеуніктерге отандық өндірушілерді қолдауды міндеттеді

Экономикалық патриотизм. Атқарушы билік отандық тауар өндірушілерді қолдау қағидатын қатаң ұстанатын болады. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деп мәлімдеді. Жер қойнауын пайдаланушылардың, квазимемлекеттік және мемлекеттік сектордың сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін 60%-ға жетізу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Не істеліп жатыр?

Берік Дүйсенбай, тілші:

 -  Отандық өндірушінің өнімі мен қызметіне басымдық берілгелі қазіргі тілмен айтқанда, кейс ретінде көрсететін нәтиже бар. Мемлекеттік сатып алуда қазір отандық өнім өндіруші мен қызмет көрсетушіге 30%-ке дейін аванс беріледі. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінде импорт өнімнің көрсеткіші 7%-ке төмендеп, өндіріс көлемі 4%-ке өскен.

Шетелден сатып алынатын тауар, жабдық, шикізатқа тәуелділік басқа да бірқатар салада төмендеген. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Үкіметтің ескі дәстүрінен жаңылмай, сандармен мысалдарды келтірді. 

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия, металлургия салаларындағы және қағаз, жиһаз, құрылыс материалдарының 4,201 тауарларына мемлекеттік сатып алуда басымдық берілуде. Бүгінгі күнге аталған тауарлар бойынша отандық өндірушілерімен жасалған келісімшарттар саны 1,4 есеге өсіп, 106 млрд теңгені құрады.

«Бұл беталыс тендердің сүбелі бөлігін алатын алпауыттар ғана емес, қолдау көрген шағын және орта кәсіпорындардың да жұмысына қан жүгіртті», - дейді министр. Мәселен, қызылжарлық кәсіпорын қағаз өнімдері бойынша мемлекеттік сатып алудан түскен тапсырыстың арқасында 1 млрд теңгеге өнім шығарған.

Алдымен отандық өндірушіден ал деген қағида Керекудегі бояу өнімдерін шығаратын кәсіпорынның өндіріс көлемін 27%-ке, ал Алматыдағы тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын зауыттың өндірісін 15%-ке өсіруге мүмкіндік береген. 4 ай бұрын ғана тұсауы кесілген Астанадағы құрылыс материалдарын әзірлейтін зауыт  аз уақытта құны 3,5 млрд теңгеден асатын өнім өндірген.

Жыл басынан бері 7 айда отандық тауар өндірушілермен 34 805 шарт жасалды. Бұл Үкіметтің тілімен айтсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,1%-ке артық. Десе де үкімет басшысы бөрікті аспанға атуға әлі ерте екенін ескертті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жұмыстар мен қызметтердің конурстарын жеңіп алған мердігер компаниялар қазақстандық өнімдер бола тұра, импорттық тауарларды сатып алуды жалғастырып келеді. Мұны доғару керек. Өнеркәсіп министрлігіне мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, отандық шикізат пен материалдарды пайдалану бойынша ірі мердігер компаниялардың міндеттемелеріне мониторинг жүргізудің пәрменді тетігін тапсырамын. 

Тапсырма көп. Өзекті мәселенің бірі – қазақстандық тауарлар каталогтарының қайталануы. Бұл импорт өнімді отандық тауар деп көрсетіп сатуға мүмкіндік береді.  Премьер-министр артық тізілімді жоюды, жалпы ревизия жасауды тапсырды.

Берік Дүйсенбай, тілші:
- Мемлекеттік аудит органдарына отандық баламасы бола тұра шетелден тауар әкелгендердің сатып алу қорытындаларының күшін жоуға пәрмен берілген. Соңғы 3 айдың өзінде шетелдік үлесі бар осындай 8 келісімнің күші жойылған. Экономикалық патриотизмнің машинасы енді оталғандай.

Берік Дүйсенбай