Хабар телеарнасы

Президенттік институттың қазақстандық үлгісі жоғары бағаланды

Оны әлемдік қауымдастық әлдеқашан мойындап қойған. «Назарбаев моделі» деп жүрген де солар. Келер жылы Қазақстанның президенттік институтына 30 жыл толады. 50 жылда ел жаңа дейтін қазақ отыз жылда озық атанды.

Елордада Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен халықаралық парламентшілер конференциясы өтіп, оның қатысушылары ел дамуындағы Елбасының ролін тағы бір мәрте бағамдады.

«Арал – адамзаттың табиғатқа келтірген ең үлкен залалы», – деседі ғалымдар. Соңғы жарты ғасырда теңіз суы 30 есеге азайған. Осыдан 26 жыл бұрын Орталық Азия мемлекеттері Аралды құтқару бойынша келісімге келгенмен, нақты нәтижеге жеткен жоқ. Арал теңізін сақтау сертін орындаған бір ел болса, ол – біз. «Аралдың солтүстік бөлігін сақтау» жобасы жемісін берді. Жобаның жеңісті болмауы мүмкін де емес еді, себебі бұл бастаманың авторы Нұрсұлтан Назарбаев болатын.

Ариэль Коэн, Атлант кеңесінің жетекші сарапшысы /АҚШ/:

- Елбасының Орталық Азияны әлемдік аймаққа айналдыру идеясын АҚШ үнемі айтып әрі қолдап келген болатын. Аймақ мемлекеттерін біріктіруге Тәжікстандағы соғыс, кейін Өзбекстанның бұрынғы президентінің ерекше позициясы кедергі болды. Дегенмен қазір Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау 90-шы жылдары айтқан Еуразиялық интеграция идеясы шынымен жүзеге асты. Айта кету керек, бұл саяси емес, экономикалық одақ.

Халықаралық парламентшілер конференциясына келгендердің бірі – Татарстан парламентінің төрағасы Фарид Мухаметшин. Қазақ пен татар халықтарының тілі ұқсас, мәдениеті ортақ. Бізді ұқсас ететін тағы бір нәрсе бар. Ол – көпұлттылық. Татарстанда 174-тен астам ұлт тұрады, соның 2 мыңнан астамы қазақтар. Кезінде Елбасының айтқан бір ауыз сөзі Татарстандағы қазіргі татулықтың қазығын қағып бергені де айтылмай қалған жоқ.

Фарид Мухаметшин, Татарстан парламентінің төрағасы:

- Нұрсұлтан Әбішұлы кезінде: «Сіздерге де біздегі секілді ассамблея құрып, сенімі мен тілі бөлек ұлттарды біріктіріп, оны тұтас мемлекеттің байлығына айналдырыңдар», – деп кеңес берген болатын. Біз оны тыңдадық. Ассамблеяны құрдық. Мен өзім сол ұйымның төрағасымын. Қазақстан бізге экономикалық жағынан да, ішкі және сыртқы саясат жөнінен де үлгі болады. Татарстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының көлемін 700 млн доллардан асыра алдық. Енді оны 1 млрд доллардан асыру жолында жұмыс істейтін боламыз.

Нұрсұлтан Әбішұлы жасаған саяси маңызды оқиғаның тағы бірі Қазақстанда парламентаризм институтын қалыптастыру болды. Қазақстан – екі палаталы парламенттік жүйеге таңдау жасаған кеңестік кезеңнен кейінгі алғашқы унитарлы мемлекет. Ал осы қос палаталы парламенттік жүйеге өту заңның тиімділігі мен ықпалдылығын арттырып қана қоймай, Қазақстанда демократия орнатудың тиімді тетігіне айналды.

Аида Касымалиева, Қырғызстан парламентінің вице-спикері:

- Қырғызстанда Нұрсұлтан Әбішұлын қатты құрметтейді. Себебі оның қамқорлығын аз көрген жоқпыз. Ал Сирия соғысын сөндіру, жалпы тұтас әлемдегі бейбітшілік бағытындағы бастамалары оның болмысын тіпті биіктете түседі.

Драгомир Карич, «Қазақстан-Сербия» парламенттік тобының жетекшісі:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегінің арқасында жас Қазақстан аз уақыттың ішінде мықты мемлекетке айналды. Мұндай мысалдар аз кездеседі. Қазақстан мен Сербия серіктестікте біраз нәтижеге қол жеткізді. 5 жыл бұрын қол қойылған Жол картасы сәтімен жүзеге асып жатыр және жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та біздің мемлекетпен серіктестікке деген сенімін білдірді.

Конференцияға келгендер президенттік басқарудың қазақстандық үлгісінің үздік болуының бір ғана ерекшелігін атайды.  Ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі, оның бастамалары. Ядролық қарусыздану, Семей полигонын жабу, Аралды аман сақтап қалу, Сирия соғысын тоқтатуға септігін тигізу. Әрбірі – қазақ үшін құнды, әлем үшін қажет.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Осы 30 жылда барлық реформа жоғары деңгейде орындалып, Қазақстан аз уақыттың ішінде саяси, экономикалық және әлеуметтік табысты мемлекетке айналды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының, батыл қадамының және бірлігі жарасқан халқымыздың ерен еңбектерінің жемісі екені сөзсіз. Бүгін де Елбасының бастамалырын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі жалғастырып, еліміздің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруда.

Халықаралық парламентшілер Қазақстанның президенттік институтындағы сабақтастықтың да сәтімен жүзеге асарына бек сенімді.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев