Хабар телеарнасы

АЭС құрылысы: үміт пен күдік

Елімізде электр энергиясы тапшылығының бар екені жасырын емес. Энергия көздері де түгесіле бастады. Сондықтан атом электр станциясын салу тиімді болар еді. Курчатов қаласының тұрғындары осылай дейді. Шаһар халқы алда өтетін жалпы ұлттық референдумда өз таңдауын жасауға дайын. Ал осы стратегиялық маңызды нысанның салынуына ғалымдардың көзқарасы қандай?

Атом электр станциясы төңірегінде қоғамда түрлі пікір айтылып жүр. Қолдайтындар аз емес, қарсылар бар. Дегенмен Қазақстанда атом электр стансасы салына ма, жоқ па? Оны тұрғындардың өзі шешеді. Мәселенің нүктесі жалпы ұлттық референдумда қойылады. Президенттің бұл бастамасын Курчатов халқы қолдап отыр.

Елімізде атом электр стансасы аумақ ретінде салынуы мүмкін екі орын белгіленген. Олар – Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылы. Мемлекеттік комиссияның алдын ала шешімі бойынша Қазақстанның оңтүстігі таңдалған. Мұның да өз себебі бар.

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының директоры:
-Қазақстанның оңтүстігінде электр энергиясына сұраныс өте жоғары. Халық та тығыз орналасқан. Ал Курчатовтағы бұрынғы Семей полигоны аумағында маңызды стратегиялық нысанды салуға болатын алаңдар жеткілікті.

Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталығы ғалымдарының пікірінше, атом электр стансасын салу пісіп-жетілген мәселе. Болжам бойынша 10 жылдан кейін Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы сезіле бастауы мүмкін.

Ерболат Қоянбаев, Атом энергиясы институты директорының орынбасары:
-Электр энергияны біз қазіргі уақытта көмірді жағып жылу электр стансаларынан аламыз. Олар кеңес дәуірінде салынған электр стансалары. Қазіргі уақытта оның пайдалану мерзімі аяқталып бара жатыр. Техникалық тұрғыдан қараған кезде атом энергетикасы қазіргі уақытта Қазақстанға керек энергетика көзі. Базалық энергетика көзінің бірі.

Арман Жанарбекұлы ҚР Ұлттық ядролық орталығының зертхана басшысы:
-Атом энергетикасының дамуы атом электр стансасын салумен тікелей байланысты. Осы бағытта жас мамандарды даярлау ұзақ процес. Кем дегенде 5-10 жылды құрайды және сол кадрларды дайындайтын мамандар керек. 

Жалпы Ұлттық референдумның өтетін уақыты әзірге белгісіз. Алайда Орталық сайлау комиссиясы дайындық жұмысын бастап кетті.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы