Хабар телеарнасы

Атыраулық наубайшылар ұн өнімінің жаңа түрін шығарды

Атыраудағы наубайхана жұмысшылары жаңа жылға ұн өнімінің жаңа түрін шығарды. Тұтынушы дастарханына табиғи таза, дәмді нан түрлері мен кондитерлік тәттілер ұсынатын еңбек ұжымы Жаңа жылды наубайханада қарсы алды. Жалпы қандай мереке болсын тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем қызметі демалыссыз жұмыс істесе, ас атасын дайындаушылар да солай тер төгуге дайын.

Атырау қаласындағы бұл наубайхана ұжымынан бүгінгі ауысымда 25 адам еңбек етіп жатыр. Жәйма үстелдерді жағалай тұрған мамандардың қимылына көз ілесер емес. Иленіп, қалыпқа келтірілген түрлі өнімдер қамыр күйінде пештерге тоғытылуда. Айтқандай, Жаңа жылда атыраулықтар нан өнімінің жаңа түрінен ауыз тиетін болады.

Жәмила Әшенқызы, наубайхана технологы:

- Бұл біздің 2025 жылға арналған жаңа өніміміз. Бұл ашытқымен дайындалатын өнім.«Ашытқы наны» қазақша айтқанда. Жалпы біздің өнімдеріміз ашытқымен дайындалады, жәй наннан бастап тоқаштар, тәтті бәліштер шығарылады. Батон түрлері, диеталық нандар шығарылады.

Былтыр жұмысын бастаған бұл наубайхананың өнімдері қала бойынша үлкен сұранысқа ие. Оған мына тынымсыз тасымалданған тауар легі мен пештердегі тәттілер куә. Дайын өнімдер қала бойынша 200-дей дүкенге жеткізіледі. Ұжымдағы 80-ге тарта маман 3 ауысымда жұмыс істейді.

Гүлмира Шәриполлаева, наубайхана меңгерушісі:

- Бүгінгі сменамызда 25-тей адам бар. Бізде тәтті торттар, нан тағамдарынан бастап бір тәулікте 10 мыңнан астам нан өнімдері шығып жатыр. Жаңа жылда жаңа табысқа жете беріңіздер, отбасыларыңыз аман болсын. Нанымыз көп болсын. Бейбітшілік заман болсын деген тілек білдіремін.

Тұтынушы талғамын тап баса білген наубайшылар тек өткен айда 20 жаңа кондитерлік өнім түрін дайындаған. Ас атасы - нан десек, оның дастарханымыздан үзілмеуі үшін тер төгіп жүргендер Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатыр. Ендеше еңбектеріңіз жемісті, дастарханымыз мол болсын!

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахемтуллин