Хабар телеарнасы

«Менің атым – Қожа» фильмінің жалғасы түсірілді

Киносүйер қауымға қызық бір жаңалық. «Менің атым – Қожа» фильмінің жалғасы түсірілді. Көрермен оны тура бір айдан кейін кинотеатрда тамашалай алады. Шығармашылық топ тың туындыны күтетіндердің көп болатынына сенімді. Бердібек Соқбақпаевтың повесі желісімен түсірілген киноның жалғасын кім жазды? «Қожа. Жаңа саяхат» фильмі көрерменді несімен баурайды? 

Бұл киноны тартымды ететін ең басты дүние – Қожаның рөлінде ойнайтын баланың бастапқы кейіпкерінен аумайтындығы. Түркістан облысында туған 15 жастағы Айқынның түр әлпеті, жүрісі мен мінез-құлқына дейін Қожаның дәл өзі. Сонысымен де ол ойламаған жерден актёрға айналып шыға келді. Алғашында әншілердің бейнебаянына түссе, енді кәнігі кино актёрі.

Айқын Елубай, актёр:

-Ол кісі қазір ата ғой. 73-те. Жолықтық, батасын берді. Басында негізі кино оңай деп ойлайтынмын. Бірақ кино қиын екен. Бір жағынан біреудің рөлін салу қиын екен.

«Менің атым – Қожа» фильмінің жалғасын түсіру идеясы еліміздегі оқыту орталықтарының біріне тиесілі. Олар алғашында балаларды білімге баулу мақсатында кино эпизодтарына негізделген шағын бейнероликтер түсіре бастайды. Кейіннен оған сұраныс артып, жаңа киноны таспалау қолға алынған.

Садық Шерімбет, шығармашылық топтың жетекшісі:

-Ең алғаш салған сол шағын роликтеріміз бір күнде миллионнан астам, екі күннің ішінде 2 млн-нан астам көрерменді жинап, көрермендердің барлығы «кино қашан?» деген сұрақтар өте көп болғаннан кейін біз сол фильмді тездетіп қолға алуға тура келді.

«1,5 айдың ішінде 1,5 сағаттық жаңа кино түсірілді. Бірақ бұл бұрынғы фильмді қайталау емес, жаңа туынды, яғни - оқиғаның жалғасы»,– дейді шығармашылық топ жетекшісі.

Садық Шерімбет, шығармашылық топтың жетекшісі:

-Бұл фильмдегі Сұлтанның қалай күйде ашылғанын көріп, менің ойымша әрі таңғалады, әрі разы болады деп ойлаймын. Жауапкершіліктен қашатын, өзін-өзі таппаған, үйімен үнемі конфликтіде жүрген Сұлтан бұл фильмде ешкім күтпеген бір ерекше трансформациямен қайта оралады.

Осыдан 62 жыл бұрын түсірілген «Менің атым – Қожа» фильмінің жалғасы 13 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Бауыржан Ебелеков