Шығыс Қазақстан облысында жазушы, драматург Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Қара сөздің қарагері Қалихан» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
«AMANAT» партиясы ұйымдастырған жыр додасына еліміздің әр түкпірінен келген 12 ақын қатысқан. Алты сағатқа созылған айтыстың бас жүлдесін Серік Қуанған жеңіп алды. Бірінші орын семейлік Рүстем Қайыртайұлына бұйырса, екінші орынды қызылордалық Иранғайып Күзембаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев өзара бөлісті. Жайықтың Жансаясы мен оңтүстіктен келген Біржан Байтуов үшінші орынға лайық деп танылды.
Мақсат Ақанов, айтыскер ақын:
- Қалихан атамыздың бүгінгі тойына қатысу көптен бергі, 25 жылғы арманым еді. Өйткені 2002 жылы осы ақындардың ішінде Қалиханды көрген менен басқа ақын жоқ шығар. 2002 жылы Аякөздегі Қозы Көрпеш – Баянсұлудың 1500 жылдық айтысында Қалихан аға өзі келіп қазылық төрағасында болып, сол кезде батасын беріп кеткен, ет асаған балалардың біреуімін мен.