Астана төрінде «Тұмар – 2025» ұлттық телевизиялық бәйгесі өтіп жатыр. Бұл дүлдүлдер топ жаратын алаң.
Додаға қатысуға биыл 11 номинация бойынша 300-ден астам өтінім түсті. Шорт параққа 44 телевизиялық жұмыс іліккен. Оның ішінде «Хабар» телеарнасының жобалары 5 аталым бойынша ұсынылған. Бәйге жеңімпаздарына «Тұмар» мүсіншесі және 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен 2017 жылдан бері 100-ге жуық телевизия маманы осы сыйлықтың иегері атанды. Ал биылғы үздіктерді сәл кейін білетін боламыз.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жыл өткен сайын БАҚ қызметкерлерінің кәсібилігі артып келе жатқанын осындай байқаулардан-ақ байқауға болады. Шыны керек, қазір мемлекет тарапынан, Мемлекет басшысы тарапынан үлкен қолдау бар екенін көріп, куә болып отырсыздар. «Тұмар» жылдар бойы беріліп келе жатыр. Тек республикалық деңгей емес, өңірлер де белсене араласа бастады. Яғни өңірлік медианың дамуына үлес қосып келе жатқан байқау.
Кәсіби мереке қарсаңында «Хабар» Агенттігінің бірқатар қызметкері марапат төріне көтерілді. Атап айтқанда, «24 KZ» арнасының шеф-редекторы Мәншүк Мақсұтқызы «Ақпарат саласының үздігі» атанса, Өндірістік дирекция бөлімінің басқарушы директоры Еділ Ермекбаев пен RT графикасының жетекші дизайнері Айнаш Жайлыбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.