Астанада дәстүрлі Президент шыршасы өтті

  • 10
  • 24.12.2025, 18:55

Жаңажылдық мерекеге елдің барлық өңірінен оқуда озат, спорт пен шығармашылықта жетістіктерге жеткен 100-ден астам бала қатысты. 

Республикалық шырша сәні мен салтанаты жарасқан концерттік залда өтті. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балаларға Мемлекет басшысының ыстық лебізін жеткізді. Әрі өнерімен, білімімен көзге түскен оқушыларға сый-сияпатқа толы қоржындар табыстады. Әр бала оқуға керек-жарақ құралдар, тәттілер және су жаңа Ipad алды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Әрбір облыс орталығынан 5 оқушыдан жинақтадық. Бұдан бөлек, ертең облыс әкімдері де Президент атынан шыршаны өткізетін болады. Ол жерге әрбір алыс-шалғайдағы аудандардан, аудан орталықтарынан балалар келетін болады. Бұның негізгі мақсаты баланың есінде қалатындай, ертегідей керемет қылып шырша өткізу.

Балалардың езуіндегі күлкімен мереке ажарлана түскендей. Театрландырылған қойылымдар мен заманауи ертегі кейіпкерлері оқушыларды қиял әлеміне жетелеп, шат күлкі мен қуанышқа бөледі. Бұл күнді оқушылар асыға күткен. Тіпті киер киімін де бірнеше ай дайындапты.

Данил Брук, оқушы:

-
Менің костюмым космонавт. Біздің Қазақстанда Байқоңыр бар. Ол жерде космонавттар ғарышқа ұшады. Мен болашақта космонавт болғым келеді.

Әл-Фараби Әміржан, оқушы: 

-Менің киімім көшпенді кибербатыр деп аталады.
Бұл киім арқылы қазақ даласының өткен мен болашағы жалғастырулы екені көрінеді. Өзімнің негізгі идеям ішкі түйсігім, әрі осылай өзім ойластырып, апайларыммен келісіп, осылай жасауға көмектесті. 

Президент шыршасына келген балақайлар үшін бағдарлама интерактивті алаңдар мен түрлі тосынсыйларға толы болды. Мерекелік көңіл күй сыйлау үшін 200-ден аса өнерпаз жұмылды.

Аниматорлар мен аквагрим шеберлері де оқушыларды қуантуға барын салды. Кішкентай қала қонақтарын елорданың ең көрікті жерлерін де аралап, саяхаттайды.  

Дана Әлиева, Әлібек Алиев