Елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде еркін сөйлеуі таңғаларлық емес. Алайда қаршадайынан қолына қазақтың қара домбырасын алып, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген өзге ұлт өкілін көргенде сүйсінетінің рас. Алматылық Ольга Валерийқызы сондай жан.
«Ресейде туып, еліміздің батыс өңіріне қоныс аударған Ольга Валерийқызы алғашында құрбыларының домбырасын ұстап, шертіп көреді. Сол сәттен, осы аспапқа ықыласым ауды», - дейді өзі. Үйірмеден басталған қадамы консерваторияда жалғасып, кәсіби білім алады. Кейін Қорғаныс министрлігінің ансамблінде өнер көрсетеді. «Зейнетке шыққан соң жаным қалайтын ұстаздыққа бет бұрдым», - дейді домбырашы. Қазір «Шабыт» балаларды дамыту орталығында жасөспірімдерді ұлттық аспапқа баулып жүр.
Ольга Сағындықова, домбырашы, ұстаз:
- Домбырада екі шек. Сонда бір рет қаққанда бірден екі дыбыс шығады. Екі дыбыс ол интервал деген. Сондықтан сабақ барысында мен интервалдарға көп маңыз беремін. Себебі қолға енді ғана алғанда интервалды түсінсе, оған өте жеңіл болады. Себебі кез келген перне басқанда ол нота білмеуі мүмкін. Бірақ интервал ұқса, балаға өте жеңіл болады. Одан кейін интервалға қағыс салсаң, күй болып шығады.
Аспапта ойнаудың техникасын үйрету бір бөлек, балаларға шығарманың мәнін түсіндіру бір басқа. Әр күй – бір тағдыр. «Онда мұң да, қуаныш та, сезім де бәрі бар», - дейді Ольга Валерийқызы. Жалындаған, жігерге толы «Жастар» күйін, алдыңғы буынның кемеңгерлігін, ақылын аңғартатын «Кеңес» күйін де шәкірттері бар ынтасымен орындады.
Бақытгүл Лекерова, «Шабыт» балаларды дамыту орталығының директоры:
- Ольга Валерьевнаның сабағында әртүрлі ұлттардың өкілдері білім алады. Домбыраға үйретеді. Біздің білім алушылар қызыға барады. Өйткені ол кісі өзінің сабағын жақсы көреді. Домбыраны жақсы көреді. Әр жерде біздің семинарларда қатысып ашық сабақтар қалалық деңгейдегі ашық сабақтарда дәріптейді, біздің ұлттық аспабымызды. Білім алушылардың өзі қалалық республикалық деңгейлерде талай сайыстардың жүлдегерлері болып жүр.
Ольганың өмірлік жары қазақ екенін тегінен-ақ білуге болады. Қорғаныс министрлігінің ансамблінде жүріп қол ұстасқан жұп бүгінде 6 бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев