Үнсіздің үні: Қазақстанда ерекше «Тұяқ» фильмі түсіріліп жатыр

  • 7
  • 16.07.2026, 18:43

Елде есту және сөйлеу қабілеті шектеулі жандардың өмірінен сыр шертетін арқау толықметражды фильм түсіріліп жатыр. «Тұяқ» деп аталады. Картина ауылда тұратын екі ағайындының тағдыры арқылы отбасы, өзара түсіністік, кешірім және адам өміріндегі екінші мүмкіндік секілді құндылықтарды қозғайды.

Фильмнің басты ерекшелігі – есту қабілеті шектеулі адамдардың әлемін сырткөз емес, олардың өздерінің ішкі жан дүниесі арқылы көрсетуінде. «Тұяқ» фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігі және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асуда. Киноның продюсері - Батыр Сазаханов, ал режиссері - Нұрғиса Әлмұрат.

Нұрғиса Әлмұрат, режиссёр:

- Біз бұл туындыны ешкімді аянышты етіп көрсету немесе олардың мүмкіндігі шектеулі екенін алға шығару мақсатында жасаған жоқпыз. Олардың ойында болатын кейбір нәрселер біздің ойымызға мүлде келмейді. Мысалы, кинода кішкентай бір фрагмент бар. Онда ағасы естімейтін інісінен сұрайды. Сонда ол: «Мен кішкентай кезімде күнге ұзақ қарап, күннен дыбыс шыға ма деп ойлайтынмын», – дейді. Мұндай нәрсе қарапайым адамдардың ойына еш келмейді.