Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл

  • 5
  • 10.08.2026, 19:56

Бүгін Алматыда Абай күніне арналған мәдени іс-шаралар да ұйымдастырылды. Зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті.

Қазақстан бойынша ақынға арналған алғашқы ескерткіш 1960 жылы дәл осы Алматыда бой көтерген. Содан бері Алатау баурайындағы әсем қаланың ең көрікті орындарының бірінен саналады. Қазір мәдени шаралардың дені осы Абай алаңында өтеді. Бұл жолы да зиялы қауым өкілдері бастаған көпшілік осы жерден табылды.

Нұрлан Оразалин, ақын, драматург:

- Бұл өзіңді-өзің тануға, өзіңді-өзің бағалауға халықтың алдағы үлкен міндеттеріңді орындауға бағыттайтын құдіретті, қуатты қазақ ойы мен сөзінің құдіретті қағбасы дүниеге келген күн. Абайдың күні құтты болсын.

Абайды оқы, жалықпа! Абайға құрмет – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне құрмет. Көпшіліктің пікірі осындай. Абайдың «толық адам» туралы айтқан философиялық ойлары ғасырдан астам уақыт өтсе де маңызын жоғалтқан жоқ. Абай күні - халқымызды білімге, ізденіске, адал еңбекке үндейді. Ғылым қууға және озық ойлы болуға шақырады.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі:

-Абайдың айтқан имани үшеуі бұл жақсы пейіл, жақсы ой, жақсы ниет. Міне үш дүние Хәкімнің өміріндегі ең негізгі ойларының кілті деп білемін. Келешек ұрпаққа бұл әлемді дүр сілкіндірер негізгі игі іс еді. Сондықтан бүгінгі мереке қайырлы құтты болсын. Әр қазақтың үйінде Абайдың айтар ойлары, Абайдың өлеңдері, Абайдың қара сөздері жатталып қана қоймай, өмір сүру салтымызға айналса екен.

Абайтанушы Жабал Шойынбеттің айтуынша, біз ақын Абайды жақсы білеміз. Бірақ әлі хәкім Абайды толық білмейміз. Сондықтан оның даланылығы, кемеңгерлігі, ойшылдығы насихатталуы тиіс. 

Жабал Шойынбет, Абайтанушы:

- Абай атындағы Ұлттық университетінде Хәкім Абайдың даналығын оқытатын арнайы Абайтану пәні ашылды. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарының студенттеріне дейін барлығына Хәкім Абайдың даналығын таныту үшін үлкен жұмыс істеп жатырмыз. Абайдың іліміне дүниежүзінің зиялылары бет бұрып жатқан кезде біз өзіміз Абайдың толық адам ілімін толық білуіміз керек

«Абай әлемі» музыкалық кеші де алматылықтарды бей-жай қалдырған жоқ.  20 мыңнан аса адам Мақпал Жүнісовамен бірге «Көзімнің қарасы» әнін бірге орындады.

Абай күніне арналған іс-шаралар реті кітапханалар мен музейлерде, мәдени алаңдарда жалғасын тапты. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған. Ғұламаның өзі айтып кеткендей мұрасы біз үшін таусылмас қазына. Қадірі барған сайын арта береді. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев