Ұлы Абайдан қалған құнды жәдігерлер музейге қойылды
Көрмеге 50-ден астам жәдігер қойылған. Оның арасында 1885 жылы хакімнің Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған заттары да бар. Атап айтқанда, аса таяқ, сыбызғы, ері және медреседе оқыған кітаптары келушілерге көрсетілді. Көрме жұмысы бір айға созылады. Жалпы бұған дейін, қорық музей Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар және Қызылорда қалаларында болған.
Раушан Елекенова, әдеби-мемориалдық қорық музейінің ғылыми хатшысы:
- Абайдың мерейтойына байланысты біздің музей тарапынан ғылыми зерттеу жұмыстары, әсіресе архивтермен жұмыс, ақындық айналасы, Абай шығармаларының төрт тілдегі кітаптарын басып шығару сияқты жобалар жүзеге асуда. Одан кейін Жидебайдағы Абай музейін абаттандыру жұмыстары қолға алынып жатыр.