«Ана мен бала» суреті Лондонда топ жарды
Алматылық суретші Әсемгүл Сүлейменова халықаралық қылқалам шеберлері сайысында топ жарды. Лондонда өткен байқауға суретші «Ана мен бала» картинасын ұсынған.
Жүлделі болған суреттің тарихы қызық. Ол бірнеше жыл бұрын ғаламтордан ақ кимешек киген келіншек пен бақытты баланың суретін көреді. Жанына жақын әрі ескі фотоны қылқаламмен қағазға түсіріп, отбасына тарту еткен. Ең қызығы – ғаламтордан табылған фотодағы адамдар өзінің жақындары болып шығыпты. Әсемгүл бала кезден сурет салады. Сүйікті ісіне 5 жылдан бері кәсіби түрде ден қойған.
Әсемгүл Сүлейменова, суретші:
- «Ана мен бала» фотосындағы келіншекті енеме ұқсаттым. Көрсетіп едім, ол суреттегі өзі екенін және жанындағы баланың менің күйеуім екенін айтты. Бұл сурет «Жамбылдың балалық шағы» атты фильмнің түсірілімінде таспаланған екен. Онда менің енем Жамбылдың жеңгесінің рөлін ойнапты. Осылайша отбасылық фотоның көшірмесі жеңімпаз атанып отыр.