БҚО-да ауыл тұрғынынан 174 дана киік мүйізі табылды

  • 1759
  • 02.03.2020, 19:33

Әсіресе қылмыстық топ құрып, қоршаған ортаға ірі мөлшерде зиян келтіргендерге тағайындалатын жаза артты. Енді жаңа заң талаптарына сәйкес БҚО Жаңақала ауданы Мәштексай ауылының 26 жастағы тұрғыны 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өйткені Орал – Атырау тасжолында тоқтатылған азаматтың көлігінен 126 дана мүйіз шықса, кейін үйін тінту барысында тағы 48 мүйіз табылған. Қазір қылмыстық істің мән-жайы тергелуде. Жалпы өткен жылы өңірде сирек кездесетін аң-құстарды заңсыз аулауға қатысты 21 іс тіркелсе, биыл жыл басынан бері осындай 16 оқиға болған. Оның дені киіктерге қатысты.

Болатбек Белгібеков, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Ваз-2107 көлігімен келе жатқан жерінде тоқтатып, қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 337-бабы, 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық мән-жай анықталатын болады. Тергеушілер тиісті бағасын алады.