Түркияда із-түзсіз кеткен қазақстандықтар әлі іздестіріліп жатыр

  • 6361
  • 09.02.2023, 18:03

Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбеков үйінді астында болуы мүмкін. Ал отандасымыз Сабина Мамадиярова кеше қас қарайғанда қирағандылар астынан табылған болатын. Оның қолы сынған. Бүгінде Түркияның үш қаласында қазақстандық құтқарушылар күн-түн демей іздестіру-құтқару операциясын жалғастырып жатыр.

Ибрагим Күлшімбаев, ҚР ТЖМ бірінші вице-министрі:
- Бүгінгі күнде 10 адамның мәйіті сынған, қираған үйлердің астынан табылып және 4 адам тірілей табылып шықты. Құтқарушылар тоқтамай 2 смен бойынша жұмыс істеп жатыр. Күндіз де, түнде де. Барлық керекті заттарымыз, құралдарымыз жетеді.

Түркиядағы табиғат апатына бей-жай қарай алмаған қазақстандықтар гуманитарлық көмек жинап жатыр. Астана қаласының өзінде екі мекенжайда жүк жинау басталды. Оның бірі – Түркия елшілігі, екіншісі ұлттық волонтёрлер желісінің кеңсесі. Бұдан бөлек Алматы және Ақтау қалаларындағы консулдықтарға да гуманитарлық көмек жетіп жатыр. Қайырымды істің басы-қасында жүргендердің айтуынша, кеше ғана елорданың өзінен халық жинаған 1 тонна жүк ұшаққа тиеліп, Анадолы еліне жөнелтілген. Волонтёрлар жағдай тұрақталғанша халық әкеп тапсырған заттар күнде Түркияға жіберілетінін айтады.

Айбек Досымбетов, «Ұлттық волонтерлік желісі» басшысының орынбасары: 
- Тұрғындарға қажетті ол мынау қысқа мезгіл болғандықтан жылы киімдер, арнайы жылы жамылғыш көрпе-төсек орындар сұратып жатыр. Сонымен қатар қолшамдар, түнгі мезгілде өйткені электр қуатының бұзылуына байланысты. Жатын үй ретінде қолдануға ыңғайлы палатка-шатырлар дейміз ғой. Соларды да біз қабылдау жағын бастадық.