Алматы облысында 7 жастағы баланы автобус басып кетті

  • 1965
  • 28.11.2024, 19:34

Алматы облысында бастауыш сынып оқушысын басып кеткен шағын автобус жүргізушісі қамауға алынды. Бұл оқиға күні кеше Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің алдында болған. 

Автобусқа асыққан 7 жастағы бала дөңгелектің астында қалып, мерт болды. Қазір осы оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. «Асыл арманда» мектеп жоқ. Сол себепті оқушылар жақын маңдағы ауылдар мен Алматы қаласына қатынап оқиды. Ата-аналар жергілікті билік өкілдерінен жаңа мектеп салғызуды сұрап отыр.

Меруерт Морякова, облыстық ПД баспасөз хатшысы: 

- JAC автобус жүргізушісі Іргелі ауылындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрағы аумағында артқа жүрген кезде 7 жасар баланы қағып кеткен. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданатын болады.