Жамбыл облысындағы жер сілкінісінен кейін 122 тұрғын «баспанамыз бүлінді» деп шағымданған болатын. Алайда жүргізілген сараптама нәтижесінде комиссия олардың 110-ын негізсіз деп тізімнен алып тастады. Қалған 12 үйдің 10-ы жөндеуді қажет етеді. Ал екеуі апатты деп танылды. Сонымен қатар Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарында орналасқан 14 әлеуметтік нысанның ішінара зақымданғаны анықталған. Дегемен зерделеу кезінде оның 9-ы тізімнен шығарылып, тек 5 нысан қалды. Әсіресе Меркі ауданындағы аудандық аурухана, ауылдық амбулаториялар, балаларды оңалту орталығы мен балабақшаның қабырғаларында сызаттар пайда болған.
Жалғасбек Әбдуәлиев, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- Сейсмология орталығымен тығыз байланыстамыз. Кез келген төтенше жағдай туындау мүмкіндігі болған кезде біз міндетті түрде халықты хабардар етеміз. Қазіргі таңда Меркі ауданында 37 зардап шеккен халықты қабылдау бекеті бар. Тұрар Рысқұлов ауданында 34 қабылдау пункті бар.