Астанада Перизат Қайраттың ісі бойынша сот процесі басталды. Қоғам белсендісі мен анасы Ғайни Алашбаеваға алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру баптары бойынша айып тағылып отыр. Жалпы келтірілген залал көлемі 3 миллиард теңгеден асады.
Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Тергеу мәліметінше, олар су тасқыны кезінде және Палестина халқына көмек ретінде жиналған ақшаны иемденіп, заңсыз жолмен алынған қаражатты заңдастырған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына бөлінген қаржыны да мақсатсыз жұмсаған болуы мүмкін. Келтірілген залал көлемі 3,5 миллиард теңгеден асады.
Тергеу болжамынша, Перизат Қайрат миллиардтан астам теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып, оны жөндеу, жиһаз, жол жүру мен киім-кешекке жұмсаған. Соның ішінде шамамен 7 миллион теңгеге Rolex сағаты сатып алынғаны да айтылды.
Айыпталушылар бұған дейін өз кінәсін мойындамаған еді. Перизат Қайрат БАҚ өкілдерінің сот процесіне қатыспауын, бейнесін түсірмеуді сұрады. Сот бұл өтінішті ескеріп, қанағаттандырды. Алдын ала тыңдалымда тараптар іс материалдарымен таныс екенін жеткізді. Судья істі толық қарауға жол ашып, сот отырысы 14 шілдеде белгіленетінін, әрі сот процесі ашық өтетінін хабарлады.
Сабыржан Кәрімов, судья:
- Соттың жабық өтуіне негіз жоқ. Іс ашық түрде қаралады. Тек жауап алу кезінде банк құпиясы сияқты жеке деректер қозғалған жағдайда кейбір сәттер жабық өтеді. Іс әскери, не саяси сипаттағы жағдаймен байланысты емес, тек тағылған айып бойынша қаралады.
Біз бұл істің әрі қарай қалай өрбитінін бақылап отырамыз.
Дана Әлиева, Әлібек Әлиев