«Дикий Арманның» сыбайласы БАӘ-нен экстрадицияланды

  • 234
  • 11.07.2025, 18:33

Ел арасында «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыстық топ басшысы Арман Жұмагелдиевтің сыбайласы Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға экстрадицияланды. Ол 2022 жылғы қаңтардағы Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктерге Жұмагелдиевтің бандалық құрамында қатысқан деген күдікке ілінген. Қылмыстар жасалғаннан кейін күдікті жасырынып, үш жылға жуық халықаралық іздеуде болған. Кейін Біріккен Араб Әмірліктері аумағында ұсталып, Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. 

Ерлан Жанпейсов, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:

- Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің қолдауымен Дубай қаласынан А. Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының сыбайласы экстрадицияланды. Оған тағылған қылмыстар бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.