Батыс Қазақстан облысында кітапхана есепшілері 46 миллион теңгені жеп қойған. Аса ірі көлемдегі жемқорлық қылмысын жуырда Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері әшкереледі. «Теректі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесінің бас бухгалтері мен бухгалтері 2023 жылдан бергі кезеңде қылмыстық сөз байласу арқылы жалақы төлемдерін өмірде жоқ ойдан шығарылған жандарға есептеп жазған. Ал қаражатты еш қымсынбастан өздерінің банк карталарына аударып отырған. Қазір іс сотқа жолданған. Егер қылмысы толық дәлелденсе, күдіктілер 12 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Лаура Оразғалиева, БҚО экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі:
-Департамент қызметкерлері қабылдаған шаралардың нәтижесінде кінәлі тұлғалар анықталып, мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс сотқа жолданды. Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесінде өзге ақпарат жариялауға жатпайды.