Алматылық азамат сілтемені ашам деп пәтерінен айырылды

  • 8
  • 13.11.2025, 19:41

Бір дроппер-әйелдің ісі бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жөнелтілді. Өкінішке қарай қазір алаяқтардың қулығына құрық бойламай тұр. Түрлі айла-әдіс қолданады. Үлкен-кіші демей, сан соқтырып кетеді. Әсіресе егде жастағы адамдар тез алданады. Ақшаның арам жолмен келгенін біле тұрып, оны банктен шешуге көмектесетін дропперлер де бар. Енді ондайлар биыл қыркүйектен бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. 

Алматылық Бекәлі Бәйтереков қазір өң мен түстің арасындағы халде жүр. Бар-жоғы 8 күннің ішінде бірнеше банктен несие рәсімдеп, құны 50 млн теңге тұратын пәтерін арзанға сатып жіберген. Барлық бәле «Сізге сәлемдеме келді» деген жалғыз қоңыраудан басталады. Туған күні жақындап қалған Бекәлі туысытарым тосынсый жасаған шығар деп алаңсыз сенеді. Білікті IT маманының бөтен номерден келген сілтемені ашуына осы жәйт себеп болыпты. Іле–шала бейтаныс адам хабарласып: «Алаяқтардың алдауына түстіңіз, атыңыздан несие рәсімдеп жатыр. Сондықтан оны өзіңіз алғаныңыз абзал», - дейді. Содан соң: «Пәтеріңізге шабуыл басталды, мән-жай анықталғанша сата тұрыңыз», - деп тағы сендіреді.  

Бекәлі Бәйтереков, қала тұрғыны:

- Сіз подпольный нотариус, риелторды ұстау әрекетіне көмектесіз деп үйімді сатқызды. Ол 36 млн 500 мың теңгеге кетті. Бүкіл риелтор адамдарды өздері тапты. Нәтижесінде менің үстімнен 5 млн 300 мың несие алынды және баспанамнан айырылып қалдым. 

Бекәлі деректердің алаяқтардың қолына оңай түсетініне қапалы. Тіпті әке-шешесінің қайда жұмыс істейтініне дейін біліп алған. Қазір тиісті органдарға арыз жазған. «Әзірге нәтиже болмай тұр», - дейді. Алаяқтар қолды қылған ақшаны дропперлер арқылы алатыны белгілі. Осыған байланысты қыркүйекте Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілді. Енді алаяқтарға көмектесетін делдалдар жазаға тартылады. 

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Қазіргі таңда дропперлердің іс- әрекеттері заңға қайшы қылмыстық әрекеттер болып табылады. Олардың Қылмыстық кодекстің норомаларымен сараланып, ол үшін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделеді. Мұны барлық азаматтардың білгені жөн. 

Бұрын заңнамада «дроппер» ұғымы болмады. Жаза күшейген соң алаяқтардың жандайшаптары да азаяр деген үміт бар. Дегенмен тәртіп сақшылары: «Әр адам қылмыскердің айласына түспеу үшін сақ болуы тиіс», - дейді. 

Ғазиз Әуезханов, ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Әр адам интернеттегі гигиенасын сақтау керек. Интернетте жасаған әр қадамын анықтап, алдын ала тексеріп алу керек. Түсініксіз фишингтік сайттарға, сілтемелерге кірмеулері керек. Алаяқтар қазіргі таңда өзінің жәбірленушілерін алдаған уақытта ақшаны дропперлердің шотына салады. Сол арқылы екінші дроп, үшінші дроп арқылы қаражаттарды басқа елдерге, басқа шоттарға аударып жатады.

Жуық арада қамауға алынған дроппер-әйелге сот үкімі шығады. Қылмысы ауыр болса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Онлайн-алаяқтықты тергеу кезінде полиция бірінші кезекте дропперлердің ізіне түседі. Сондықтан оңай олжаға батасың деп инвестициялық бағдарлама, онлайн жұмыс ұсынғандарға өте сақтықпен қараған жөн. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев, Айдос Қалиев