Алғабас ауылындағы өрт: үш адамның жағдайы тұрақталды

  • 27
  • 18.11.2025, 19:37

Ауруханаға түскен үш адамның жағдайы тұрақталды. Құтқарушылар келген сәтте зардап шеккендердің бірі үйден өз күшімен шығып үлгерген. Оның денесінің 12% күйік шалған. Қалғандарының жағдайы қалай? Өрттің шығу себебі анықталды ма? 

Таңғы сағат бестің шамасында Түркістан облысы Төтенше жағдай департаментінің «101» пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі келген кезде тұрғын үйдің толық қызыл жалынға оранғаны анықталған. Өрт салдарынан 12 адам қаза тапты. Оның 9-ы бала. Үйдің ішінен тағы үш адам табылып, олар шұғыл ауруханаға жеткізілген. 

Марат Жүнісов, Алғабас ауылының тұрғыны:           

-2-3 жыл болып қалды тұрғанына. Жақсы отбасы еді ғой. Қиын болды. Жаман қатты жанды ғой. Біреуін біз құтқардық. Олжас деген баласын. 2 адам болып ол да жанып кетер еді. Решеткадан шыға алмай қалды ғой. Решетканы біз екі бала болып жұлып алып, жәрдем беріп шығарып алдық қой. 2 этажға біз қайдан барамыз. Бой жетпейді. Саты жоқ.

Асқар Төлешов, Түркістан облысы төтенше жағдай департаментінің бастығы:            

-Оқиға жеріне 2 техника 8 адам шықты. 8 минутта оқиға орнына жетті. Оқиға орнына жеткеннен кейін авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Жеке тұрғын үйдің ішінде жеткен кезде үй толық 360 шаршы метр өрт шығып жатырды. Қазіргі кезде өрт не себептен болғаны эксперт мамандарымен анықталуда.

Осы өртке байланысты Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметтік комиссия құрылып, зардап шеккендерге тиісті көмек берілетін болды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те Жетісай ауданына шұғыл жетіп, өрттен қайтыс болған отбасының жақындарына көңіл айтты. Оқиға болған үйді көріп, құзырлы орган басшылары мен жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Аудандық ауруханаға барып, өрттен аман қалған тұрғындардың жай-күйімен де танысты. Ауруханаға түскен үш адамның жағдайы ауыр, олар жансақтау бөлімінде жатыр. Бірі үйден өз күшімен шығып үлгерген 1986 жылғы азамат. Оның денесінің 12% күйік шалған. Тағы 1991 және 2018 жылы туған азаматтар да, денесінің 30% және 11% күйігімен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Қазір оларға барлық медициналық көмек көрсетілуде. 

Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары:             

-Үш адамымыз больницада ауруханада жатыр. Состояниелерін стабильно деп тұр дәрігерлер. Қазір керекті жағдай болып жатса, тікелей мына денсаулық министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Қажетті болып жатса, санавиациямен Астана көшіруге дайынбыз. Қазір біз бүкіл мынау әлеуметтік, денсаулығына байланысты психологиялық көмектер көрсетіп жатырмыз. Қазір мынау рәсімдеріне, бүкіл әлеуметтік жағдайын үйді қалпына келтіруіне бүкіл көмегін көрсетеміз. Президенттің тікелей тапсырмасы бар осыған қатысты.

Өрттің себебі әлі анықталған жоқ. Тергеу жүріп жатыр. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Бірақ мамандар өрттің қазандықтан шығуы мүмкін емес деп отыр. Себебі ол басқа ғимаратта орналасқан.

Алуа Маханбет, Катерина Попкова