Алматы облысында 11 автокөлік жол апатына ұшырады

  • 3
  • 01.12.2025, 18:39

Кей жүргізушілер рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, аударылған. Таңғы мезгілде болған жол апатынан бірнеше адам ауруханаға жеткізілді. Абырой болғанда барлығы дін аман. Оларға шұғыл дәрігерлік көмек көрсетілді. Қапшағай су қоймасы мен Сорбұлаққа дейінгі аралықты қою тұман басқандықтан, жұрт аузында «бетонка» аталып кеткен тасжолдың 25-67 шақырымын таңғы 7-де жабуға тура келді.

Полиция қызметкерлері Алматыға бағыт алған автокөліктерді тоқтатып, жолдың тайғақтығын хабарлап, 15-20 көліктен біртіндеп жіберуге мәжбүр болды. Аталған тасжол түске таман ашылды.

Евгений Ким, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Бізге таңертең «Алматы – Өскемен» тасжолында 11 автокөлік соғылды деген хабарлама түсті. Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасына жол апатына ұшыраған 4 жолаушы жеткізілді. Дәрігерлік тексерістен өткен соң жеңіл жарақат алғаны анықталып, барлығы үйіне жіберілді.