Жамбыл облысында қайтыс болды деп жерленген зейнеткер 3 айдан соң табылды. Әжей зейнетақысы тоқтатылғаннан кейін ақпаратты нақтылау үшін тиісті мекемеге келеді. Сөйтіп өзінің қайтыс болғандардың тізімінде жүргенін білген.
73 жастағы кейуана 2024 жылдың тамызында әпкесіне көшіп барыпты. Алайда 10 ай өткен соң: «бала-шағасы анамыз жоғалды», - деп полицияға арызданады. Құқық қорғау органдары екі ай іздеу жұмыстарын жүргізіп, ауыл маңайынан белгісіз бір адамның мәйітін тапқан. Ал зейнеткердің қызы мен немересі табылған сүйекті жоғалған аналары деп таныған. Жерлеу рәсімін де өткізеді. Осылайша оның қайтыс болғаны туралы жазба тіркеліп, куәлік берілген. Ізім-ғайым жоғалған зейнеткер үйіне келді. Қазір қайтыс болғаны туралы куәліктің күшін жою туралы сот үкім шығарды.
Сымбат Жұлдызбай, Жамбыл облыстық сотының баспасөз хатшысы:
- Жамбыл аудандық соты табылған дененің басқа адамның денесі екенін анықтады. Полиция денені эксгумация жасап, қайта сот-медициналық және генетикалық сараптама тағайындады. Қайтыс болған адамның жеке басы анықталып, қылмыстық іс тоқтатылды. Талап қоюшы жоғалған анасының кез келген уақытта туыстарына немесе басқа да жерлерге кетіп, ұзақ уақыт үйде болмайтын әдеті болғанын түсіндірді.