Алматыдағы «Феникс» балаларды оңалту орталығынан шу шықты. Ата-аналар орталықтың жаттықтырушысы жұмыс барысында ерекше бүлдіршіндерді ұрып-соғып, зорлық көрсетті деп айыптап отыр. Олар оның бұл әрекетін кездейсоқ көріп қалған. Ата-аналар шағымданған соң полиция жаттықтырушыға қатысты қылмыстық іс қозғады.
Дамуында тежелуі бар баласын аз да болса өмірге бейімделсе деп ақылы орталыққа тасып жүрген ата-аналардың тауы шағылып отыр. «Бейнекамерадағы жазбаларды көріп жанымыз түршікті», - дейді олар. Орталық қызметкері айтарға тілі жоқ балаларға күш қолданған.
Гүлсім Төлепова, ата-ана:
- Бұл жағдай қаңтардың шамамен 5-і күні болды. Қаңтардың 5-інде бір ана маған келіп: «Сіз байқамадыңыз ба, балаңызға кездейсоқ көзім түсіп қалды», – деді. «Балаңыздың қолын былай жасап тұрғанын көрдім. Бір зат әкелмей қалса, мына жерінен, яғни бұғана тұсынан басып жатқанын байқадым. Ол осылай жасағанда, бала әлгі заттарды әкеліп береді», – деді.
Мән-жайды сұраған ата-анаға жаттықтырушы бұл әрекетін «өзімнің әдісім», - деп түсіндірген. Яғни жаттықтырушының пайымы жазалау арқылы үйрету екен. Бірақ бейнежазбадағы көріністер оңалтудан гөрі озбырлыққа дәлел.
Бақыт Қалымова, ата-ана:
- 23 ақпанда менің баламды сабақ басталғаннан сабақ аяқталғанға дейін қинаған. Соның ішінде жүгіру жолағында келе жатқан кезде аяғынан қайта-қайта шалып, әдейі жүріп тұрған жолағына құлатқан. Одан кейін қолынан, басынан ұрған. Таяқпен аяғынан бірнеше рет соққы жасаған.
Қызметкердің бұл әрекеті жайлы орталық директоры білмейтін болып шықты. Алайда бұған дейін дәл сол жаттықтырушыға қатысты ата-аналар тарапынан шағым болып, бірнешеуі балаларын орталықтан шығарып алған.
Әлия Әлімбаева, орталық директоры:
- Мен ата-аналардың жағдайын түсініп тұрмын, себебі өзім де ерекше баланың анасымын. Бейнежазбадағы көріністі ешқандай да әдіс деп санамаймын. Жаттықтырушылардың сабақ өту, қауіпсіздік бойынша нұсқаулықтары бар. Арнайы методика бар. Мәселе заң аясында шешіледі.
Ата-аналар шағымданғаннан кейін Қылмыстық Кодекстің 140-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
- Объективті мән-жайлары міндетті түрде анықталатын болады. Міндетті түрде сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Балаға келтірілген де жарақаттарының ауырлық деңгейін анықтау мақсатында. Содан кейін мамандарды жұмылдыру арқылы осы орталықта жұмыс істеген маманның іс-әрекетіне де құқықтық баға берілетін болады.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, аутизмге шалдыққан және психикалық дамуында тежелуі бар балаларға арналған оңалту орталығының лицензиясы жоқ. Тек заңды тұлға ретінде тіркелген. Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан ата-аналарға жан-жақты құқықтық көмек пен психологиялық қолдау көрсетілуде.
Гүлжан Көленқызы