Батыс Қазақстан облысында құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған жасырын фито-зертхананың қызметі әшкереленді. Ағайынды екі азамат қарасора тұқымдас өсімдіктерді өсірген. Олардың бірі жеке үйінің жертөлесін желдету жүйесі және жарықдиодты шамдармен жабдықтаған. Онда 7 түп өсімдік, буып-түйілген өсімдік тектес зат және 14 миллион теңге тәркіленген. Екінші күдіктінің пәтеріндегі арнайы жабдықталған екі жылыжайдан 22 түп қарасора мен арнайы құрал-жабдықтар табылды. Ал олардың ата-анасы тұратын пәтердің балконына өсімдік тектес зат салынған 560 сіріңке қорабы бар қап жасырылыпты. Құны шамамен 13 миллион теңге деп бағаланған. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 18-20 келіге жуықтайды. Қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.