Өскемендегі өндірістік апат: зардап шеккен жұмысшылар Астанаға жеткізіледі

  • 8
  • 08.05.2026, 19:47

Өскемендегі «Қазмырыш» кәсіпорнында болған өндірістік апаттан зардап шеккен жұмысшылар Астанадағы жетекші клиникаларға жеткізіледі. Санитарлық авиациямен елордадан барған алғашқы дәрігерлер тобы үшінші бел омыртқасы сынған науқасты, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына ауыстыру туралы ұйғарымға келді. Ал екінші жұмысшының жағдайы аса ауыр. Оның денесінің 90 пайыздан астамын термиялық күйік шалған. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап отырғандарын айтты. Емдеу ісіне республиканың жетекші реаниматологтары мен күйік емдеу саласының мамандары да ат салысуда.   

Марат Нұрбикенов, ШҚО Мамандандырылған медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

- Күйік шалған науқас реанимация бөлімінде өте ауыр халде жатыр. Қазіргі уақытта оны ақырындап  шоктан шығарып жатырмыз. Ертең таңертең сегіз жарымда Астанадағы ұлттық үйлестіру орталығының екі маманы да қайтадан ұшып келеді. Жағдайы көтерсе, ұшақпен Астанаға алып кетеді.