СҚО-да екі қабатты үйдің бір бөлігі құлады

  • 39
  • 19.05.2026, 19:39

Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка қаласында екі қабатты үйдің бір бөлігі опырылып түсті. Төтенше жағдай болған аумақ қоршауға алынып, 8 отбасы уақытша баспанаға көшірілді.

Мамлюткадағы төтенше жағдай таңғы сағат жеті шамасында болған. Шырт ұйқыда жатқан тұрғындар қатты дүрсілден оянып кеткен. Сол сәтте екі қабаттың ортасындағы бетон тақтайшалар опырылып астына құлады

Танзиля Садуова, Мамлютка қаласының тұрғыны:

-Біз түбі осындай болатынын білдік. Себебі ғимараттың жағдайы сын көтермейді. Оның үстіне көрші үйді салғанда құрылысшылар қазық қағып, қабырға кірпіштері құлай бастады.

Қазір апат болған аумақ қоршауға алынған. Ал үйге кіруге болмайды. Тұрғындар уақытша баспанаға көшірілді. Олардың айтуынша, екі қабатты ғимарат кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін.

Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қазір тұрғындар аудан орталығындағы әлеуметтік осал топтағы отбасыларға салынған үйлерге жайғастырылды. Бірақ бұл уақытша көмек.

Любовь Корнеева, Мамлютка қаласының тұрғыны:

-Бәріміз абдырап қалдық. Қайда барып, не істерімізді білмедік. Енді күзге дейін осында тұрамыз.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған үй бұған дейін апатты жағдайды деп танылған. Жергілікті билік екінші кіреберіс тұрғындарын да көшіріп, қауіпті аумақты жауып тастады.   

Темірлан Мамашәріпов, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:

-Осындай жағдайға тап болған бірде-бір адам назардан тыс қалмайды. Қазір олармен келісімшарт жасалып, уақытша тұруға тегін үй берілді. Кейін тұрғындар басқа баспана табуы тиіс.

Заң бойынша зардап шеккен тұрғындарға меншікке үй берілмейді. Ал аудандық бюджетте реновация бағдарламасына қаржы қаралмаған. Жалпы Мамлютка қаласында апатты деп танылған осындай 3 үй бар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков