Шомылу маусымы басталғалы 10 адам суға кетті

  • 7
  • 16.06.2026, 19:35

Қостанай облысында Тобыл өзенінің жағасында немересін құтқарамын деген атасы да суға кетті. Іздеу жұмыстарын жүргізген құтқарушылар олардың сүйегін судан шығарды. Өкінішке қарай, мұндай қайғылы оқиғалар жиілеп барады. Бірер күн бұрын Батыс Қазақстан облысы мен Астана қаласында суға түсу кезінде ережені ескермеген жеткіншектер ажал құшқан еді. Жалпы шомылу маусымы басталғалы бері елімізде 10 адам суға кеткен, соның бесеуі - жасөспірім.

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, былтыр елімізде 125 адам суға кетіп көз жұмған. Оның 39-ы бала. Кейінгі үш жылдағы статистикаға сәйкес, қайғылы оқиғалар Абай, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарында жиі тіркелген. Мамандардың айтуынша, жазатайым жағдай көбіне мас күйде және тыйым салынған орындарда суға түскеннен болып отыр. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері мұндай аймақтарда құтқару бекеттері болмайтынын ескертеді.

Әлихан Талғатұлы, инженер, азаматтық қорғау аға лейтенанты:

- Суға тек арнайы жабдықталған және құтқарушылар кезекшілік атқаратын орындарда шомылыңыздар. Мас күйінде суға түсуге жол бермеңіздер. Су түбін білмейтін жерлерде суға секірмеңіздер. Қатты ағыс бар учаскелерде, бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстардың маңында шомылу қауіпті екенін ұмытпаңыздар. 

Айналайын Мәлік, тілші:

- Қазір біз «Қарасу» су арнасының жағасына келдік. Бұл шомылуға тыйым салынған аймақ. Былтыр халықтың қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан 3 адам қайтыс болған. 

Суға шомылу маусымы енді басталса да, биыл Астанада өкінішке қарай 1 бала суға кетті. Жазатайым жағдайдың алдын алу үшін мамандар арнайы рейдке шықты. 

Ғафура Жақыпова, аға инженер, азаматтық қорғау майоры:

- Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, елорда аумағында суға түсуге рұқсат етілген 5 орын бар. Олар: «Үш Пескарь», «Столичный двор», «Армина» демалыс орындары, сондай-ақ Сарыарқа ауданындағы коммуналдық жағажай мен «Столичный Оазис» жағажайы. Ескертеміз, белгіленбеген және суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 

Елімізде 50 мыңнан астам су айдыны бар. Бұл аумақтарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақылау мен алдын алу жұмыстары күшейтіліп жатыр.  

Айналайын Мәлік, Қайрат Кальянбеков