Павлодар облысында студенттер мен кәсіпорын қызметкерлерінен ақша бопсалаған күдікті топ ұсталды. Полицияның хабарлауынша, олар Ақсу және Екібастұз қалаларының аумағында бірнеше рет қылмыс жасаған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер азаматтарды қорқытып-үркіту арқылы олардан жүйелі түрде ақша талап еткен. Жүргізілген тінту барысында қаражат, ұялы телефондар, банк карталары және құжаттар тәркіленді. Сонымен қатар күдіктілер пайдаланған автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды.
Диас Қадыров, Павлодар облысы ПДҰйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары:
– Бопсалау деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Полиция органдарына 10 адам жеткізіліп, олардың төртеуі қамауға алынды. Қазіргі уақытта ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.