Атырауда бір отбасының төрт мүшесін өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкімді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы оқыды.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Бүгін 15:00-де Атыраудағы қанды қылмысқа қатысы бар Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісіне нүкте қойылды. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Зарема Хамидуллина үкімді оқыды. Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол төтенше қауіпсіз ұстау мекемесінде жазасын өтейді. Жәбірленуші тараптың пайдасына 40 млн теңге моральдық талапақы төлеу міндеттелді. Оны өтеуге 2 ай уақыт берілді.
Зарема Хамидуллина, судья:
- Қылмыстардың жиынтығы бойынша Сұлтан Самиғоллаұлы Сәрсемәлиевке түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орыны Сұлтан Самиғоллаұлы Сәрсемәлиевке қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесі белгіленсін. Сәрсемәлиевке қолданылған күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын. Жаза өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін.
- Бұдан бөлек, сотталушының кәмелетке толмаған балаларын орналастыру, оларға қамқоршылық алу мәселесін жауапты мекеме, яғни облыстық білім басқармасы шешеді. Ал жәбірленушілердің иесіз қалған үйін мұрагерлік алған адамға беру мәселесі Қызылқоға аудандық әкімдігіне жүктелді. Сотталушы тарап 15 күн ішінде аппеляциялық шағым түсіре алады.
Авторлар: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин.