Ақтөбеде көшеге қоқыс тастаған 43 адам жазаланды. Олар айыппұл төлеумен ғана шектелмей, қолына сыпырғыш пен күрек алып, қоғамдық орындарды тазалауға міндеттелді. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жыл басынан бері қала тазалығына қатысты талаптарды бұзған тұрғындарға 1 мың 171 әкімшілік хаттама толтырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында айтқанындай: «Заң мен Тәртіп» ұғымы көшедегі тазалық пен қауіпсіздік сияқты қарапайым нәрседен басталады».
Полиция департаментінің жедел басқару орталығының кезекші инспекторлары тәулік бойы экраннан көз алмайды. Шаһардағы 14 мың камера арқылы түрлі құқықбұзушылықты анықтап, көше аралап жүрген тәртіп сақшыларын бағыттап отырады. Негізінен жол жүру ережелерін бұзу деректері тіркеледі. Сонымен қатар қолындағы қоқысты кез келген жерге тастап кететін тұлғаларды да төбеден тесілген камералар бақылап отырады.
Алтынбек Шамшадин, облыстық полиция департаменті Жедел басқару орталығының кезекші инспекторы:
- Бейнебақылау камераларымыз қоқыс жәшіктерінің қасында да орналасқан. Қоқысты сыртына тастаған адамдарды осы бейнебақылау камералары арқылы анықтап машиналарының нөмірімен учаскелік полиция инспекторларына беріледі.
Полиция инспекторлары «Негізінен үй жиһазы мен құрылыс қалдықтары, автокөліктің қосалқы бөлшектері сияқты рұқсат етілмеген заттарды қоқыс алаңына үйіп кететіндер жиі кездеседі», - дейді. Заң тілімен айтқанда абаттандыру қағидаларын бұзған тұлғалар 6215 әкімшілік хаттама толтырылып, 6 мыңға жуық адам ескерту алды.
Нұрхат Құралбаев, учаскелік полиция инспекторы:
- Бірінші әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505 бабына сәйкес ескерту хаттамасы толтырылады. Егер 1 жыл ішінде бұл іс әрекет қайталанған жағдайда 20 АЕК ретінде әкімшілік айыппұл салынады.
Қоғамдық орындарда қоқыс тастап, көше бойын ластаған адамдар әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-ші "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша жауапқа тартылады. Жыл басынан ақтөбелік полицейлер 1171 әкімшілік хаттама толтырды. Тазалық ережелерін елемей бірнеше мәрте заң бұзған 35 адамға 40 сағат, тағы 8 адамға 80 сағат қоғамдық жұмыс міндеттелді.
Авторы:Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов