Ақтөбе облысында 5 үй мен 25 ауланы су басып қалды
Қазір аймақтаң екі бірдей ауданындағы жағдай мамандарды алаңдатып отыр. Әсіресе Шұбарқұдық ауылындағы ахуалды тұрақтандыру үшін 200-ден астам адам мен 34 техника жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында әскери қызметшілер де бар.
Көктемгі тасқынға қарсы күреске Маңғыстау өңірінен де қосымша күш жұмылдырылмақ.
Сержан Қуанышбековтің үйі соңғы екі тәуліктен бері су ортасында тұр. Былтыр ғана көшіп келген баспанасына қазір кіру мүмкін емес. Айналаның бәрін су басқандықтан, әзірге отбасымен бірге туыстарын паналап жүр. Ал су деңгейінің төмендейтін түрі жоқ.
Сержан Қуанышбеков, Шұбарқұдық кентінің тұрғыны:
- Мына жауын-шашын бар, еріген қардың суы бар, соның барлығы көтеріліп тұр. Үй апатты жағдайда тұр, үйдегі барлық заттар суға кетті.
Шұбарқұдық кентін топан су кеше басты. Қырдан аққан еріген қар суы зор екпінмен келіп, ауыл маңындағы бөгеттен асыпты. Салдарынан аудан орталығындағы 7 көше мен 5 үй су астында қалды. Бұдан бөлек, ондаған үйдің ауласына су кірген.
Нұрғали Жүнісов, Облыстық ТЖД бастығы:
- Әрі қарай тағы да үйлерді су басу оқиғалары орын алған болса, оны анықтаймыз . Су басқан аулаларды қазіргі таңда 14 мотопомпа жұмыс жасап, аулалардағы суларды қауіпсіз жерлерге шығаруда. Біздің облыста жағдайдың күрделенуіне байланысты Маңғыстау облысынан 52 жеке құрам мен 5 техника жолда келе жатыр.
Тасқынға қарсы шараларды күшейту үшін жүздеген адам мен 40 жуық техника жұмыс істеп жатыр. Су айдау және ағыстың бағытын бұру ісі қолға алынған. Ал үйлері зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетіледі.
Асхат Шахаров, Облыс әкімі:
- Өңір бойынша 4 ауданда қауіп болып, екі күн ішінде біраз жұмыстарды әріптестермен бірге жасадық. Қазір су ауылға кірді. Егер зардап шеккен үйлер болса, соны қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз. Комиссия бәрі осында болады. Төтенше жағдай бола ма, болмай ма, бәрібір ешкім тыс қалмайды.
Мамандардың айтуынша, қазір жағдай тұрақталып келеді. Дегенмен тасқынға қарсы жұмысты бәсеңдетуге болмайды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Қазір өңірдегі жағдай жауапты мекемелердің бақылауында. Тұрғын үй алаптары мен облыстық және республикалық жол бойында жиналған суларды сору үздіксіз жүріп жатыр. Мамандардың мәлімдеуінше, қажетті күш пен материал қоры жеткілікті.
ӘнуарбекМырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев