Бұл мәселелерді бүгін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бас қаланың әкімі Алтай Көлгіновпен талқылады. Шаһар басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Биыл 10 мың пәтер пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 16 мектеп салынады. Онда 42 мың оқушы білім алады деп жоспарланып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев «жасыл белдеу» жобасының жүзеге асырылу барысымен де танысты. 2012-2020 жылдар аралығында аталған аумаққа 3 млн 174 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Келер жылы тағы 900 мыңы егіледі. Қала ішінде жаңадан 100 мың түп ағаш пайда болады.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Экономика қазіргі таңда оң қарқында дамып келеді. Былтыр 3 млн тұрғын үй, биыл 3 млн 200 мың тапсырылды. Есесіне инвестиция да артты. Шағын және орта бизнесте де өсім байқалады. Газдандыру мәселесі де қарқынды жүріп жатыр. Былтыр ТЭЦ-1, ТЭЦ-2 төрт жылу қазандығы ауыстырылса, биыл қалған 9 жылу қазандығы толығымен ауыстырылатын болады. Сондай-ақ биыл 1 млн тал егілетін болады. Соның 850 мыңы – «жасыл белдеуде». Велосипедпен жүретін жолақтар, атпен серуендейтін жерлер салынуда. «Жасыл белдеу» Бурабайға дейін бет алды.