Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ресми сайтында барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтады. «Қазақстандықтар үшін бұл күннің маңызы ерекше және бейбітшілік пен бірлікке, мейірімділік пен ізгілікке үндейтін жарқын мереке», – делінген құттықтауда. «Сондай-ақ Қазіргі таңда Құрбан айт мейрамы жақсылықтың жаршысына айналып, татулық пен келісімді нығайтуға ұйтқы болып отыр. Алдағы уақытта да солай боларына кәміл сенемін», – деп жазылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақстандықтарға өзінің құттықтауын жолдап, бұл мейрамның қайырымдылық пен жанашырлықты, ізгілік пен имандылықты дәріптейтін ұлық мейрам екенін айтты. Өз құттықтауында Президент: «Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!», – деп жазды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жамағатпен бірге онлайн құрбандық шалды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбуктегі парақшасында мәлімдеді.