Кездесуде Қазақстан мен Үндістан арасындағы көп жоспарлы байланыстарды дамыту талқыланды. Президент екі ел арасындағы әуе байланысын қалпына келтірудің маңызды екенін атап өтті. Үндістанның сыртқы саяси ведомство басшысы, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Модидің сәлемін жеткізіп, Қазақстан Президентін келесі жылы Үндістанға сапармен келуге шақырып отырғанын айтты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовты қабылдады. Кездесуде Қазақстан-Түрікменстан қарым-қатынасының саяси, сауда-экономикалық салалары мен аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Түрікменстанда өтетін VI Каспий саммитіне дайындық барысы қарастырылды. Рашид Мередов Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің мемлекеттік сапармен келуге шақыруын табыс етті. Қасым-Жомарт Тоқаев жуық арада Ашхабадқа сапармен баратынын жеткізді.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар талқыланды. Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бағытындағы халықаралық күшті жұмылдыру мәселелері қозғалды.