Ауғанстанның бизнес делегациясы Астанада. Жиыны 210 адам. Қонақтарды Ислам Әмірлігінің өнеркәсіп және сауда министрі Нұриддин Әзизи бастап келген. Оларды еліміздің Сауда және интеграция министрі әрі Үкімет басшысының орынбасары – Серік Жұманғарин күтіп алды.
Мәртебелі меймандар қатарында Ауғанстан Орталық банкінің басшылары, жеке меншік қаржы институттары, Da Afghanistan Breshna Sherkat энергетикалық компаниясы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, сауда-инвестиция, көлік-логистика сынды түрлі салалардың өкілдері бар. Тараптар арасында таныстырылым, бетпе-бет кездесулер өтсе, алда ауқымды бизнес форум басталады.
Сондай-ақ EXPO-ның «Конгресс орталығында» ауған тауарларының көрмесі ұйымдастырылады. Онда түрлі азық-түлік, мыс ыдыстар, мәрмәр, кілемдер, зергерлік бұйымдар және басқа да көптеген тауар ұсынылады.
Айта кетейік, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы былтыр 1 млрд долларға жуықтады. Ол алдыңғы жылғы көрсеткіштен екі есеге артық. Ал биыл жыл басынан бері екі ел арасындағы сауда айналымы 316 млн долларды құрады.