Мемлекет басшысы шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасын Польшада өткен командалық әлем чемпионатында күміс медальға ие болуымен құттықтады

– Шахматтан Қазақстан құрамасын әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында тұңғыш рет күміс медальға ие болуымен құттықтаймын! Бұл – еліміздің шахмат тарихындағы айтулы оқиға. Байрақты бәсекеде қыздарымыз асқан шеберліктің және жеңіске деген шексіз ерік-жігердің озық үлгісін көрсетті. Сіздердің тамаша жетістіктеріңіз шахмат спортын жан-жақты дәріптеп, өскелең ұрпақтың оған деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық. Мемлекет адамның ой-өрісін жетілдіретін бекзат өнерді дамытуға барынша қолдау көрсете береді. Еліміздегі кәсіби және әуесқой шахматшыларға тек жарқын жеңістер тілеймін! – деп жазды Президент өзінің Instagram парақшасында.