Президент Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаевты қабылдады

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға арнайы келген Айсен Николаевпен кездесуде өңіраралық ықпалдастықты нығайту және екіжақты байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлер арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастардың ажырамас бөлігі саналатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Саха Республикасымен өнеркәсіп, сауда, IT-сектор, ауыл шаруашылығы және кен игеру индустриясы секілді түрлі салаларда ынтымақтастықты күшейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Айсен Николаев көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс айтып, Якутия мен Қазақстан арасындағы байланыстарды кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол басым бағыттарда бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізіп, алдағы уақытта екіжақты байланыстардың нығая түсетініне сенім білдірді.