Үкімет басшысы ҚХР елшісімен кездесті
Былтыр Қазақстанның Қытаймен арадағы тауар айналымы 9% өсіп, 43,8 млрд долларға жетті. Енді екі ел үкіметі тауар айналымын әртараптандыруға баса мән беріп отыр. Негізгі меже - өзара сауда көлемін екі есе арттыру. Көрші елге жеткізілетін өнім түрін кеңейтіп, астық экспортын арттыру көзделіп отыр. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов пен Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чунь Лин сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесін талқылады. Тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жайын да сөз етті. Қытай Қазақстанның үздік 5 инвесторының бірі. Бүгінде арада 62 жоба іске асырылды. 11 мың жұмыс орны ашылды. Тағы 55 жоба іске асыру сатысында. Нәтижесінде 17 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады.