Берік Бейсенғалиев қосылған құн салығы туралы пікір білдірді

  • 515
  • 05.02.2025, 19:18

Бір мезетте қосылған құн салығының пайыздық мөлшерлемесін ұлғайтып, төлеу шегін төмендету бизнестің бөлшектеніп, көлеңкелі айналымға кетуіне алып келеді. Мәжіліс депутаттары Берік Бейсенғалиев мен Маггерам Магерамов бүгін премьер-министрдің атына осылай деп депутаттық сауал жолдады. Қосымша құн салығының мөлшерлемесін бірден ұлғайту ол есептелмей жатып, айналымға салық ретінде салмақ болып түседі де тауар құнына қосылады. Ертең оның ауыртпалығы тұтынушының қалтасына түседі. Сондықтан бюджеттің кірістілігін арттыру үшін Үкімет тиімсіз шығындарды қысқартып, үштен бірі көлеңкеде отырған бизнесті таза айналымға шығаруға күш салуы керек. Мемлекет қаражатты нақты жұмыс орны мен жоғары қосылған құн беріп отырған кәсіпорындарға ғана салуы тиіс деді мәжілісмендер. Ол үшін:

Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Әуелі Үкімет бұл мәселеге кешенді түрде қарап, өзге де мүмкіндіктерді зерттеуі тиіс. Екіншіден талқылаудағы салық кодексінде жеңілдіктер бар. Қазіргі бюджет тапшылығы кезінде оны қайта қарауға болады. Үшіншіден бизнеске бөлшек салық режимі сақталғанын ескерсек төменгі шекті қайта қарау керек деп есептейміз. Төртіншіден салықтық әкімшілендіру мен салықтан жалтаруға қарсы күресті күшейту керек. Мұның барлығы бюджетті толтыруға мультипликативті әсер береді.