Хабар телеарнасы

«Самұрық–Қазына» құны 33,3 трлн теңгені құрайтын 46 инвестжобаны іске асырмақ

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры іске асырып жатқан инвестициялық жобаларға жергілікті өнім мен тауар пайдалану үлесі өсті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. «Самұрық-Қазына» төрағасы Нұрлан Жақыповтың мәліметінше Екібастұздағы ГРЭС 1-дің қуаты 4 мың МВт-қа ұлғайтылды. Алматыдағы 2-ші және 3-ші жылу электр орталықтарында газ инфрақұрылымы жасалды. Талдықорған-Үшарал газ құбыры 66 елді мекенге көгілдір отын мәселесін шешіп отыр. «Достық Мойынты» жолының 132 шақырымында пойыз қозғалысы іске қосылды. Маңғыстау облысындағы су тапшылығын жою үшін Кендірліде су тұщыту зауытын салу жоспарланған. Жалпы алғанда мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және өзге салаларда құны 33,3 трлн теңге болатын 46 жоба енгізілген. Ондағы жергілікті қамту үлесі өсті. Мәселен, көлік-логистика саласында 85, энергетикада 60, қалған жобаларда 80 пайызға жеткен. Бұл отандық тауар өндірушілерді қолдаудың тағы бір амалы.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірқатары бойынша жұмыс аяқталуда. Алматыдағы жылу электр орталықтарын газдандыру, Екібастұздағы бірінші энергоблок, Сианьдағы жүк терминалы, бұлардың барлығы жалпы алғанда экономикаға үлкен ықпал ететін жобалар. Бірақ бірқатар жоба бойынша алаңдаушылық бар. Атап айтқанда, Бозой Шымкент газ құбырының екінші тармағы, Жаңаөзен мен Қашағандағы газ өңдеу, полиэтилен мен будилен өндіру зауыттары. Бұл жобалар бойынша жұмыс созылуда. Барлық шараны қабылдауымыз керек.