Үкімет қосымша құн салығының жаңа мөлшерін ұсынды
Олжас Бектенов Салық кодексінің жаңа редакциясын 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізуді тапсырды. Оның мазмұны Үкіметте белгілі болды. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесін 16% көтеруді ұсынды. Қазір ол 12%. Бұл өзгеріс құбылмалы мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтып, мемлекеттік жобаларды қаржыландыру үшін ұсынылуда. Салық кодексінің жаңа редакциясын талқылау үшін 6 жұмыс тобы құрылыпты. Олар өңірлерге шығып түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Серік Жұманғариннің дерегінше қазір қосылған құн салығын елдегі кәсіпорындардың 4% ғана төлейді. Сондықтан есепке қою шегін 80 млн-нан 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнесін әдейі шағын қылып көрсету фактілерінің алдын алады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Мен де Астанада және өңірлерге барып талқылаулар өткіземін. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша Салық кодексі мен ілеспе заңдардың жобаларына түзетулерді 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізу керек. Әрі қарай Мәжілісте талқылауды жалғастырамыз.