Абай облысына жаңа әкім тағайындалды. Мұнда да Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың қатысуымен мәслихат депутаттарының жиналысы өтті. Депутаттарға Президенттің өңір әкімі лауазымына екі кандидатты – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мен осы аймақтағы Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиевті ұсыну туралы хаты оқылды. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 126 депутаттың 102-сі Берік Уәлидің кандидатурасын жақтап дауыс берді. Мемлекет басышысының тиісті Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды. Үкімет басшысы облыс активімен кездесуде өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін Нұрлан Ұранхаевқа алғыс білдірді. Ал өңір басшылығы алдына Президент экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және өзге де ауқымды міндеттер қойғаны атап өтілді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-2021 жылы бізде алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. 2022 жылы облыс әкімдерін тағайындау ережелеріне өзгерістер енгізілді. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының нәтижелі жүзеге асырылуы осы отырған бәрімізге байланысты екенін айтқым келеді. Киелі Абай жері ел дамуында маңызды орын алады. Облыстың жағдайы мемлекет басшысының үнемі назарында.