Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі Бірлескен мәлімдеме қабылдады

Мемлекет басшысы Бірлескен мәлімдемеде Корольді таққа отырғанына 25 жыл толуымен құттықтады. Бұл мерейлі дата былтыр тойланған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Мәртебелінің парасатты басшылығымен саяси, әлеуметтік-экономикалық, әкімшілік және басқа да салаларды қамтитын ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті.
Король II Абдалла бен әл-Хусейн Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық бастамаларына, Қазақстанда экономиканы жаңғырту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әлеуметтік әділдікті нығайту бағытында жүргізіп жатқан реформаларын қолдайтынын жеткізді.
Мемлекеттер басшылары ортақ құндылықтар мен мүдделерге негізделген екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызын, барлық деңгейдегі жан-жақты диалогты алдағы уақытта да жандандыруға ұмтылыстарын растады.
Бірлескен мәлімдемеде энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар, өңдеу өнеркәсібі және фармацевтика сияқты салаларда өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету қажет екені айтылған. Сауда-экономикалық байланыстарды арттыру және түрлі секторларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа мүмкіндіктерді зерделеуге уағдаластық жасалды.
Тараптар атом саласындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге дайын екенін растады.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін көлік және логистика бағыттарын, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытудың маңызына назар аударылды. Аталған салалардағы әртүрлі жобаларды іске асыру перспективаларын зерделеуге ниет танытып, туризм саласын дамыту мен іскерлік байланыстарды жандандыру үшін екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруға қос тарап та мүдделі екенін білдірді.
Мемлекеттер басшылары білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде студенттер мен оқытушылар алмасуға, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді әзірлеуге келісті. Олар сондай-ақ халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін көрмелер мен мәдени күндер секілді бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру арқылы мәдени байланыстарды тереңдетуге ниетті екенін айтты.
Тараптар биыл Астана мен Амман қалалары бауырластығының 20 жылдығы аясында фестивальдер, көрмелер және орнықты даму мен технологиялар саласында тәжірибе алмасу секілді бірлескен мәдени және іскерлік шаралар өткізуге дайын екенін жеткізді.
Мемлекеттер басшылары екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететін келіссөздердің нәтижесіне көңіл толатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн екі ел үкіметтеріне Сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясының отырыстарын тұрақты түрде өткізуді, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын анықтау үшін Іскерлік кеңестің қызметін жандандыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, тараптар халықаралық және өңірлік мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде пікір алмасты.