Қазақстан-Қатар: құқықтық саладағы ынтымақтастық артады
Енді бұрын елімізде қылмыс жасаған соң Қатар мемлекетінде бой тасалап жүрген азаматты сол елдің құқық қорғау органдары ұстап береді. Дәл осындай міндеттемені біздің тарап та алып отыр. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан мен Қатар арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы келісімді ратификациялайтын заң мақұлданды. Бұл тәрізді келісім бұған дейін әлемнің 20 дан астам елімен ратификацияланғанын айта кеткен жөн.
Былтыр ақпанда Қатар мемлекетімен арада қол жеткен келісімге сәйкес іздеудегі тұлғаларды қылмыстық жауапқа тарту үшін оларды экстрадициялау мәселелері реттеледі. Құжатта сондай-ақ ұстап беру, оны кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру шарттары мен рәсімдері айқындалған. Бір мәселе, егер Қазақстан азаматы айталық сол Қатардың заңын бұзса, біздің тарап оны Қатарлықтарға ұстап бермейді.
Әсет Шыңдалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
-Біздің азамат басқа елде қылмыс жасаса, біздің елге қайтып келсе, ол бұл жақта ұсталса, біз оны соттау үшін басқа елге бермейміз. Басқа елден біз барлық қылмыстық істің құжаттарын аламыз да, осы жерде тергеу жүргіземіз де, өзіміз тергеп, өзіміз сот үкімін шығарып, жазасын тағайындаймыз.