Хабар телеарнасы

Ұлттық құрылтайда Президент салық реформасына қатысты пікір білдірді

Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн. Бүгін Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі салық реформасына қатысты осылай деп пікір білдірді. Бурабай баурайында өткен алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан сағат белдеуіне қатысты және діни ахуал мен тіл мәселесіне де тоқталды.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ең алдымен салықтық реформа турасында сөз қозғады. Бюджет шығындарының тең жартысы әлеуметтік салаға бағытталған Қазақстан үшін салық жүйесі тұтас мемлекеттік жүйенің тірегі. «Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды», деді Президент. Осы орайда салығын уақытылы төлеп, адал еңбек ететін кәсіпкерлерге мемлекет қашанда қолдау көрсетеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс». 

Мемлекет басшысы салықтық реформа турасында халыққа түсінікті қарапайым тілмен ақпарат беруді де тапсырды. Бұған қоса бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталған Президент сағат белдеуінің ауысыуы денсаулыққа зиян келтіріп экономиканы тұралатып жатыр деген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталмағанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін. Біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді». 

Сағат белдеуіне қатысты пікірталасты осымен доғарып, бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ. Президент осылайша елдегі уақыт белдеуі мәселесіне нүкте қойды. Бұдан бөлек отандық кино индустриядағы күрмеулі мәселелердің бірқатарына да тоқталды. Қазір кинотеатрлардан көрсетілетін фильмдердің сапасына қатысты сын көп. Кейінгі жылдары көрерменге ұсынсылған фильмдердің саны көбейсе де, сапасы ақсап тұр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа».

Қазір отандық кино нарықтағы фильмдердің көпшілігі жеке қаржыға түсіріледі. Соған қарамастан кино туындыларды прокатқа шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу керек деді Президент. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық мәселелерден бөлек экономиканы өркендетуге қатысты жобаларды жүзеге асыру керектігін де айтты. Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба». 

Президент Алаш арыстарының бірқатарының туған жері Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салуды да тапсырды. Осылайша Тобыл өңірінің экономикасына қан жүгіріп, талай жылдан бері торғайлықтардың көкейінде жүрген бірқатар күрмеулі мәселе шешімін таппақ.

Құрылтай Бурабайдың баурайында өтіп жатқаннан кейін Призидент туризм турасында да аз кем сөз қозғады. Жалпы елдің туристік әлеуетін арттыру үшін әр өңір өз үлесін қосу керек. Жұртшылық асыға күтетін әрі дәстүрге айналған маңызды мәдени-туристік іс-шаралар өткізуге ерекше көңіл бөлу керек деді Президент. Ал Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Сыр өңірінде, Қызылорда қаласында өтетін болды.

Авторлары: Досжан Ысқақ, Айдос Меделбеков