Хабар телеарнасы

Ұлттық құрылтай: маңызды мәселелер көтерілді

Президент ел ішінде түрлі алаяқтық әрекет жиілеп кеткенін және одан зардап шегушілердің көбейгеніне назар аударды. Жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психолог пен «коуч» аз болмай тұр қазір. Олардың әрекетіне шағымданушылар да көбейген. Сондықтан бұл мәселе жауапты органдар назарында болу керек,- деді Мемлекет басшысы. Бұған қоса мәдениет саласын, соның ішінде, аймақтық театрларды дамыту керектігін айтты. Бұл ретте, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отырғанын мысалға келтірді. Ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу де күн тәртібінен түспек емес. Президент «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн,- деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды».